Іштерінен бір кісіге: «Адамдарды қорқыт! Иман келтіргендерді раббыларының қасында олар үшін жоғары орын барлығын шүйіншіле!»,- деп, уахи қылғанымызға бұл адамдар таңырқай ма? Кәпірлер: «Шынында бұл ашық жады» деді.
Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты түнде жаратты. Сонсоң ғаршына көтерілді, істі басқарды. Оның рұхсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ. Міне Осы Алла, Раббыларың. Ендеше Оған құлшылық қылыңдар! Сонда да түсінбейсіңдер ме?
Біртұтас барар жерлерің со тарап. Сондай-ақ Алланың уәдесі хақ. Күдіксіз Ол, бастап жаратады. (Жоқтан бар етеді.) сонсоң иман келтіріп, ізгі іс істегендерге әділдікпен сыйлық беру үшін оны қайта тірілтеді. Сондай-ақ кәпірлер үшін қарсы болғандықтары себепті қайнап тұрған судан сусын әрі күйзелтуші азап бар.
Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла, бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін; аяттарын ашық-ашық баян етеді.
Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады.
Егер Алла, адам баласының хайырды, асығыс тілегеніндей; жамандықты да тез берсе еді, әрине олардың ажалдары біткен болар еді. Алайда, бізге кездесуді үміт етпегендерді адасқан бойда қойып қоямыз да, қаңғыра береді.
Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе: Жатса да отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады; алайда қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынмағандай -ақ кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді.
Расында сендерден бұрыңғы дәуірдегілердің зұлымдық қылғандықтары және пайғамбарлары келтірген ашық дәлелдерге иман келтірмегендіктері үшін жоқ еттік. Осылайша күнәкар қауымға жаза береміз.
Сондай-ақ оларға аяттарымыз ашық дәлел түрінде оқылған кезде, сондай Бізге кездесуді үміт етпегендер: «Бұдан басқа бір Құран келтір немесе мұны ауыстыр!»,- деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Оны өз тарапымнан өзгертуіме болмайды. Мен өзіме уахи етілгенге ғана еремін. Расында мен, Раббыма қарсы келсем, ұлы күннің азабынан қорқамын» де.
(Мұхаммед Ғ.С.): «Егер Алла қаласа еді, мен Құранды сендерге оқымас едім де, оны сендерге білдірмес еді. Расында мен бұдан бұрын іштеріңде өмір бойынша болдым. Сонда да түсінбейсіңдер ме?»,- де.
Олар, Алладан өзге, өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге шоқынып: «Оларды, Алланың қасында шапағатшымыз» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендер Аллаға, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?»,- де. Алла, олардың қосқан шеріктерінен пәк, жоғары.
Адамдар бір-ақ үммет еді, сонсоң олар қайшылыққа түсті. (Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббыңнан бір сөз өткен болмаса еді, таласқан нәрселері турасында әрине араларына үкім берілген болар еді. (Жазаландырылар еді.)
Және олар: «Оған, Раббылары тарапынан бір мұғжиза неге түсірілмейді?»,- дейді. Сонда сен оларға: «Негізінен көмес, Аллаға тән. Сондықтан күтіңдер! Мен де сендермен бірге соны тосамын!»,- де.
Адам баласына бір зиян тигеннен кейін рахметімізді таттырсақ, сол уақытта олардың аяттарымызға байланысты айлакерліктері болады. (Мұхаммед Ғ.С.): «Алла, жазаландыруда өте жылдам» де. Расында елшілеріміз (періштеріміз) істеген сығандықтарыңды жазады
Ол сондай Алла, сендерді құрылықта, теңізде кездіреді. Хатте сендер кемеде боласыңдар. Кеме, оларды жақсы бір самал арқылы алып бара жатады да, олар онымен мәз болады. Бір боран келіп оларға әр тараптан толқын келгенде, олар, онымен қоршалдық деп ойлаған сәтте; сенімін нағыз Аллаға арнап: «Егер осыдан бізді құтқарсаң шүкір етушілерден болар едік» деп тілейді.
Дегенмен, Алла оларды құтқарған кезде, олар жер жүзінде орынсыз қарсылық істейді. Әй адам баласы! Дүние тіршілігіндегі қарсылықтарыңның зияны өздеріңе ғана. Сонсоң барар жерлерің біз жақ. Сонда сендерге істеген істеріңді білдіреміз.
Шын мәнінде дүние тіршілігің мысалы: Біз көктен жаудырған жаңбыр тәрізді. Ол арқылы адамдар, малдар жейтін өсімдіктер аралас өсіп, жер жүзі құлпырып зейнеттенген кезде, жер иесі; пайдалануға күшіміз жетеді деп ойлаған сәтте, түнде не күндіз әміріміз келіп, тіпті кеше болмаған тәрізді түбінен орылғанға айналдырдық. Ойланатын қауымға аяттарымызды осылайша айырып баян етеміз.
Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннәттік. Олар онда мәңгі қалады.
Ал сондай жамандық істегендердің жазасы, сондай ғана болады, беттерінде қорлық әсері болады. Оларды, Алладан қорғаушы болмайды. Олардың беттері түннің қараңғылығынан бір бөлім қаптағандай. Солар тозақтық. Олар онда мүлде қалады.
Қиямет күні оларды түгел жинаймыз. Сонсоң мүшріктерге: «Сендер де, Аллаға қосқан шеріктерің де орындарыңда тұрыңдар!»,- дейміз. Сонда олардың араларын айырамыз. Олардың шеріктері: «Сендер бізге табынбаған едіңдер» дейді. (Олардың Аллаға теңеп табынғандары: Пйғамбарлар, періштелер.)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Сендерді аспаннан, жерден кім ризалықтандырады? Құлаққа, көздерге кім ие? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім игерді?»,- де. Олар: «Алла» дейді. «Ендеше Алладан қорықпайсыңдар ма?»,- де.
(Мұхаммед Ғ.С.): «Аллаға теңеген шеріктеріңнен, тұңғыш жаратып, сонсоң өлтіріп қайта тірілтетін бар ма?»,- де. «Алла, бастапта жаратып, сонан соң қайта тірілтеді. Сонда қайда бұрылып бара жатырсыңдар?»,- де.
«Шеріктеріңнен тура жолға салатын бар ма?»,-де. «Алла тура жолға салды. Ал сонда тура жолға салатын Аллаға бағыну лайық па? Жоқ, тура жолға салынбайынша жол таба алмайтын біреуге ме? Сендерге не болды? Қалай (жансақ) үкім бересіңдер?»,-де.
Осы Құран, Алладан өзгенікі деп жала жапсыруға болмайды. Ол, алдындағыны растап, Кітапты ашық баян етеді. Әлемдердің Раббы тарапынан екендігіне шәк жоқ.
Олар: «Оны, Мұхаммед өзі сәйкестірді» дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.): «Ондай шыншыл болсаңдар, Алладан өзге кімге шамаларың келсе шақырып, осы тәрізді бір сүре жасап әкеліңдер »,-де.
Олай емес, олар білімі жетпеген сондай-ақ өздеріне мағынасы білдірілмеген нәрсені олар жасынға шығарды. Осылайша, бұлардан бұрынғылар да жасынға шығарған болатын. Енді қарашы! Залымдардың соңы не болды?
(Мұхаммед Ғ.С.) егер сені жасынға шығарса: «Менің ісім өзіме тән, сендердің істерің өздеріңе тән. Сондай-ақ сендер менің істегенімнен аулақсыңдар, мен де сендердің істегендеріңнен аулақпын.» де.
Оларды жинайтын күні; (дүниеде) күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болып, олар бір-бірін таныйды. Аллаға жолығуды жасынға шығарып, тура жолға түспегендер зиянға ұшырайды.
(Мұхаммед Ғ.С.) егер оларға уәде еткен бейнеттің кейбірін саған көрсетсек немесе сені (бұрын) дүниеден алсақ та, олардың жиналатын орны біз жақ. Соңында Алла олардың не істегендеріне айғақ.
(Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың қалауынан басқа өзіме пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Әр үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де ілгерлетілмейді » де.
Өзіне зұлымдық істеген әркім жер жүзіндегі нәрселер өзінікі болса, төлеуге беріп, азапты көргенде, іштей өкінер еді. Араларына әділдік пен үкім етіледі. Зұлымдыққа ұшырамайды.
(Мұхаммед Ғ.С.) әрқандай бір жағдайда болсаң, Алла тарапынан бір Құран оқысаң және сендер бір іс істесеңдер, әлбетте оған шомған кездеріңде, сендерді көреміз. Сондай-ақ жердегі, көктегі тозаң салмағындай нәрсе Раббыңнан жасырылмайды. Тағы одан кішісі, үлкені ашық бір Қітапта бар.
Естеріңде болсын! Расында көктердегі, жердегі әркім Алланың иелігінде. Алладан өзге теңеген шеріктеріне шоқынғандар, олар ойларына ғана ілеседі. Сондай-ақ олар ойларынша ғана жорамалдайды.
Олар: «Алланың баласы бар» десті. Ол, одан пәк. Ол, мұңсыз. Әрине көктердегі әрі жердегі нәрселер Оған тән. Бұған байланысты қастарыңда бір дәлел жоқ. Аллаға қарсы білмеген нәрселеріңді айтасыңдар ма?
(Мұхаммед Ғ.С.) ОЛАРҒА Нұх (Ғ.С.) тың әңгімесін оқы. Бір заманда еліне: «Әй елім! Араларыңда тұруым, Алланың аяттарын үгіттеуім сендерге зор келген болса, онда Аллаға тәуекел еттім. Ал енді сендер және шеріктерің не істейтіңдеріңде бірлесіңдер. Сонсоң істерің өздеріңе мұң болмасын. Кейін маған мұрса бермей-ақ қолдарыңнан келгенін істеңдер!» деген.
Сонда олар, оны жасынға шығарды. Сондықтан Нұх (Ғ.С.) ты әрі онымен бірге кемеде болғандарды құтқарып, олардың орындарын бастырдық. Аяттарымызды жасынға шығарғандарды суға батырдық. Ескерту берілгендердің сонының не болғаның көр!
Сонсоң Нұх (Ғ.С.) тан кейінде елдеріне пайғамбарлар жібердік. Оларға ашық мұғжизалар келтірді. Бұрында жасынға шығарғандықтары үшін олар иман келтірмеді. Міне шектен шығушылардың жүректерін өстіп бітейміз.
Мұса (Ғ.С.) ға, Перғауын мен шонжарларының өздеріне тигізетін кесірінен қорқып, елінен бір топ ғана иман келтірді. Расында Перғауын ол жерде өктем еді. Сондай-ақ ол шектен шығушылардан еді.
Мұса мен оның туысына: «Екеуің Мысырда елдеріңе үйлер салыңдар да үйлеріңді намаз орны қылып, намаз оқыңдар. Онымен қатар мүміндерді шүйіншіле» деп уақи еттік.
Мұса (Ғ.С.): «Раббымыз! Расында Сен Перғауын және оның шонжарларына дүние тіршілігінде зейнет және малдар бердің жолыңнан адастырулары үшін бе? Малдарын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жан түршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді» деді.
Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын және әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыр ол суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бой ұсынушылардан болдым» деді.
Расында исраил ұрпақтарын жақсы жерге орналастырдық. Сондай-ақ жақсы нәрселермен ризықтандырдық. Оларға білім келгенге дейін қайшылыққа түспеді. Расында Раббың олардың таласқан нәрселері жайында қиямет күні үкім береді.
(Мұхаммед Ғ.С.) егер саған түсіргенімізден күдіктенсең, сенен бұрынғы Кітап оқығандардан сұра. Расында саған Раббыңнан хақиқат келді. Сондықтан күдіктенушілерден болма.
Юныс (Ғ.С.) тың ғана елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген бір кент болмаған. Олар иман келтірген заманда, өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларды бір мерзімге дәйін пайдаландырдық.
Олар өздерінен бұрын өткендердің бастарына келген күндер тәріздіні ғана күтеді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Онда тосыңдар! Расында мен де сендермен бірге тосамын! »,- де.
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Менің дінімнен күдікте болсаңдар. Ал онда мен, сендердің Алладан өзге табынғандарыңа табынбаймын; бірақ сендерді өлтіретін Аллаға құлшылық қыламын және иман келтірушілерден болуға бұйырылдым» де?
(Мұхаммед Ғ.С.) егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол, оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол өте жарылқаушы, ерекше мейірімді.
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Сендерге раббыларыңнан хақ келді. Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін» де.